ҚЫЗЫЛШАДАН ҚАУІП БАР: САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ ҚАНДАЙ?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 2021 жылдың қараша айында бүкіл әлемде қызылша ауруының өршу тәуекелі туралы мәлімдеген болатын. Себебі коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылы 22 млн баланың, ал одан бір жыл бұрын 19 млн баланың ҚПҚ (қызылша, паротит және қызамыққа қарсы) вакцинациясының бастапқы дозасын алмағандығы үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл бүкіл әлем бойынша 93 миллионнан астам адамның осы ауруды жұқтыруына әкелуі мүмкін.
Қызылша - жай ғана балалар ауруы емес, бұл ауа тамшылары арқылы жұғатын әлемдегі ең жұқпалы дерттің бірі, ол түшкіру, жөтелу және жақын қарым-қатынас арқылы беріледі. Вирус ауада және үстіңгі қабаттарда екі сағатқа дейін белсенді болып қалады, ауа ағынымен, мысалы, желдету жүйелері арқылы өте оңай таралады, сондықтан гигиенаны сақтау қызылшадан қорғануға көмектесе бермейді. Ауру адам денесінде бөртпе пайда болғанға дейін және ол жоғалғаннан кейін төрт күнге дейін ауруды таратушы болып қала береді.
Егер қызылша ауруының белгілері тек бөртпе мен жоғары дене қызуымен шектелетін болса, соншалықты қорқынышты болмас еді. Қауіптілігі сол - індетке шалдыққандардың үштен бірінде болатын асқыну жағдайлары. Көбінесе бұл бес жасқа дейінгі балаларда және жиырмадан асқан ересектер арасында кездеседі. Науқастарда құлақ инфекциясы дамуы мүмкін, бұл есту қабілетінің жоғалуына, сондай-ақ диареяға әкеледі. Жиырма баланың бірінде пневмония, ал мыңнан бірінде энцефалит дамуы мүмкін.
Қызылшамен ауырған адам жеті немесе он жылдан кейін сол дертті қайтадан жұқтыруы мүмкін. Бұл склерозды панэнцефалит-мидың прогрессивті ауруы. Ақыл-ой қабілетінің нашарлауы мен құрысуларға және әдетте өлім жағдайларына соқтырады. Жүкті әйелдер үшін қызылша аса қауіпті, себебі ол мерзімінен бұрын босануға немесе салмағында ақауы бар баланың туылуына әкелуі мүмкін.
Қызылша белгілері бірден пайда болмайды, инфекция жұқтырғаннан бастап бір-екі аптадан кейін байқалады және олар жедел респираторлық вирустық инфекцияға ұқсас келеді: температура көтеріліп, көз қызарып, ылғалданады, жөтел пайда болып, мұрыннан су ағады. Алғашқы белгілер байқалғаннан бастап екі-үш күн өткен соң ауыздағы шырышты қабықта Коплика дақтары — қызыл шекарасы бар кішкентай ақшыл-сұр дақтар пайда болады. Көп жағдайда олар беттің ішкі қуысында, төменгі азу тістердің артында орналасады. Бұл қызылшаның ең ерте көрінетін және айқын симптомы. Ауру басталғаннан кейінгі үшінші немесе бесінші күндері аурудың екінші кезеңі басталады — бөртпелер. Кішкентай қызғылт дақтар түріндегі бөртпе бүкіл денеге тез таралады. Алдымен беттің шаш өсетін аймағынан басталып, әрі қарай мойынға, денеге, қол мен аяққа дейін таралады. Алқызыл дақтар өткір қызыл түсті қышыма бөртпелерге айналады. Осы кезеңде дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, жөтел өрши түседі. Қызылша ауруында бөртпелердің пайда болуы мен жойылу тәртібі: аурудың алтыншы немесе жетінші күнінде бөртпе кеудеге, арқаға, іштің аймағы мен жамбас тұсына таралады, ал сегізінші күні дененің аяқ бөлігіне жеткен кезде бірдей ретпен жоғала бастайды — бас, бет, мойын және т.б. Бөртпелердің орнында қоңырқай дақтар ұзақ уақыт қалып қояды.
Өкінішке қарай, қызылшаға қарсы дәрі-дәрмектер жоқ. Асқынулардың алдын алу үшін тек симптоматикалық терапия жүргізіледі. Яғни, егер көз, құлақ немесе пневмония инфекциясының белгілері байқалған болса, дәрігерлер антибиотик тағайындайды, құсу мен диарея кезінде сұйықтық пен электрит теңгерімдігін қалпына келтіруге көмектесетін ерітінділер енгізіледі.
Қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы — вакцинация. ДСҰ мәліметтері бойынша, 2000-2016 жылдары вакцинация көмегімен қызылшадан болатын өлімнен 20,4 миллион өмірді сақтап қалды. Қызылшаға қарсы екпе екі рет жүргізіледі: 12-ден 15 айға дейін және 4-6 жаста. Десек те медициналық қарсы көрсетілімдер болмаса вакцинацияны кез-келген жаста жасауға болады.
Қызылшаның жұғу жылдамдығы өте жоғары, ал вакцинация болмаған жағдайда оның салдары Сіз үшін ғана емес, жақын адамдарыңыз үшін де ауыр болуы мүмкін. Сондықтан иммундаудан өту арқылы қауіпті аурудан сақтаныңыз.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті