Кене шағу фактілері орын алған жағдайда жедел медициналық көмекке жүгіну қажет
Қызылорда облысында аса қауіпті аурулардың қоздырғышын тасымалдайтын кенелер мекендейді. Биыл кенелер ерте оянып, кене шағу фактілері былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге артып отыр. Сонымен қатар кенелердің арасында ауру қоздырғышының анықталу да өткен жылдан жоғары.
Бүгінгі күні ауыр ағымда өтетін КГЛ ауруының алдын алудың бірден-бір жолы – кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары. Осыған орай өңіріміздің оңтүстік аудандарынан бастап 11 сәуірде кенеге қарсы өңдеу жұмыстары басталады.
Осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін қора, аула тазалықтарын қатаң сақтауды және қолайсыз елді мекендерде жүргізілген өңдеу жұмыстары барысында мал бастары мен қора, аулалар толық дәріленуіне үй иелері тарапынан қатаң бақылау орнатылуы қажеттігін еске саламыз.
Сонымен қатар кене шағу фактілері орын алған жағдайда жедел медициналық көмекке жүгіну қажет. Ауру ерте анықталып, уақытылы ем тағайындалған жағдайда, науқас толыққанды сауығып шығады.