Қызылорда астана болған кездегі 33 кітаптың көшірмесі сақтаулы
Қызылорда астана болған кездегі 33 кітаптың көшірмесі сақтаулы
Іргесі ХІХ ғасырда қаланған кітапхананың әр жылдарда ұрпақ игілігі жолындағы қызметі саналуан. Түпкі тарихты қазсақ, кітапхана Сыр ғұламаларының кітапханаларын есептемегенде 1867 жылы Перевоск қаласында Ақмешіт уезінің әскери бекінісінің халқы үшін уездік кітапхана болып ашылған. Кейіннен, яғни 1938 жылы облыстың құрылуына байланысты кітапханаға Максим Горький атындағы Қызылорда облыстық кітапханасы атауы берілген. Әр жылдарда балалар кітапханасы, жасөспірімдер кітапханасы болған кезде бағытына сәйкес әртүрлі қызмет атқарған.Бір қызығы, Қызылора астана болған кезде ел үшін маңызды болған бірнеше кітаптар осы кітапханада сақталып қалған. Бұл жөнінде кітапхана директоры Нұржамал Мырзамұратова былай дейді;
- Кітапхана уақыт қажеттілігіне қарай даму кезеңдеріне бейімделіп келеді. Сол кездің саяси өмірінде орын алған тарихи деректер мен ақын-жазушылардың кітаптары толығымен бізге жете қоймаса да, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қала тарихын зерттеуге барын берген тарихшы-ғалымдардың Қызылорда тарихына қатысты зерттеу материалдары сақтаулы. Мәселен, Қызылорда қаласы Қазақстанның тұңғыш астанасы болған кезде баспадан шыққан 1926-1929 жылдар аралығын қамтитын 33 кітаптың көшірмелері сақтаулы тұр. Бұған қоса, біз Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай «Жыр арқауы – Қызылорда» атты библиографиялық антологияны оқырманға ұсындық,-дейді кітапхана директоры.