«МЕРЕЙТОЙҒА АРНАЛҒАН ӘРБІР ШАРА ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ»
Шахмардан Асқарұлы БАЙМАНОВ,
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:
Замана өзгерісіне бейім, сәулеті мен келбеті жарасым тапқан Қызылорда бастауын кешегі өткен ғасырлардан алып, бүгінде даму жылнамасы екі ғасырға жеткен қасиетті қалаға айналды. Қойнауына құт дарыған қаланың мәдени һәм рухани дамуы, білім мен ғылымының өркендеуі қала тарихының қойнауына еніп жатыр. Биылғы айтулы 200 жылдық қала тарихы Елорданың 20 жылдық мерейтойымен сабақтасты. Мерейлі қос тойдың қуанышын барша халыққа сезіндіруде жер-жерде түрлі мәдени шаралар мен рухани кештер, әсерлі шараларды өткізу жергілікті билікке айрықша жауапкершілік жүктейді. Осы орайда қос ғасырлық белеске қадам басқан Қызылорданың мерейтойына арналға тартулар мен айқын жоспарларды білу үшін қала әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановты әңгіме алаңына шақырдық.
- Шахмардан Асқарұлы, арғы-бергі тарихты ақтарсақ, кешегі Қызылорданың рухани-мәдени өмірінде айтулы өзгерістердің орын алғанын білеміз. Дегенмен, өткенге шегініс жасамай, бүгінгі Қызылорданың даму жоспарын айқындасақ. Сіздіңше, қала тұрғындары Қызылорданың 200 жылдық мерейтойынан қандай тағылым алуы керек?
- Қызылорда қаласының 200 жылдық мерекесін атап өтуіміздің өзі өткеннен өнеге алып, бабалардан қалған бай мұра мен асыл құндылықтарымызды ертеңгі ұрпаққа аманаттау, ұлттық қасиетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу деп түсінуіміз керек. Әрине, мерейтойдың салмағын саралау әрбір тұрғынның өз қаласына деген жанашырлығы мен белсенділігіне байланысты. Оның үстіне, биылғы атаулы дата тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары - Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қос мерекені жоғары масштабта атап өту қала әкімдігінің жоспарына бекітілген. Себебі, бұл қарапайым мереке емес, бұл - тарихқа тағзым, болашаққа бағдар.
Әрбір қала тұрғыны осынау ерекше мерейтойдан тағылым алуы керек. Өйткені Қызылорда Сыр елінің әкімшілік және рухани орталығы болған, небір тарихи кезеңдердің куәсі, тарлан тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен, талай бастамалар мен тың жаңалықтардың қасиетті ордасы атанған киелі шаһар. Тарих пен дін, мәдениет пен өнердің киесі қонған жерден өнеге алмау мүмкін емес.
- Қаланың 200 жылдық мерейтойын атап өтудің басты ерекшеліктері қандай болмақ? Халық жұмылатын көпшілік шараларда нендей айтулы жаңалықтар бар?
- 200 жылдық мерейтойды атап өтуде ең басты мақсат - тойдың арқасында халыққа жағдай жасау, қала халқының жайлы тұрмыс кешуіне қажетті әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, тұрмысын көтеру, қол ұшын созып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.
Сонымен қатар, Сыр өңірінің бас шаһарының 200 жылдық мерейтойына басты тарту - биылғы жылы Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы жаңа қаладағы алғашқы құрылыс нысандарын пайдалануға береміз.
Бұл аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды жоба.
Негізінде қала күнін мерекелеу жыл басынан бері жер-жерде аталып өтілуде. Мерейтойға орай ұйымдастырылған әртүрлі бағытта 40-қа жуық мәдени шара, 2 халықаралық, 2 республикалық, 3 облыстық және 20 қалалық шаралар өтіп қойды. Бұл мерекелеудің басы ғана. Жалпы мерекелік іс-шараларды дайындау мен өткізуді екі негізгі бөлімге бөліп отырмыз. Әрбір шараның жоғары деңгейде орындалуына үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени, ардагерлер мен жастар бірлестіктерінің өкілдерін, мәдениет қайраткерлерін, еңбек ұжымдарын, бизнес-қоғамдастықты белсене тартуды дұрыс деп таптық. Күні бүгінге дейін іс-шаралар жоспарының желілік кестесі әзірленіп, нақты шараларды 2 кезеңге жіктеп қойдық. Әрине, облыстық дәрежедегі 17 шара қаладағы мәдени орын Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылады.
Қала күнін мерекелеу тек қана ән-думаннан ғана емес, әлеуметтік бастамалармен де жалғасады. Бұл туралы қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы нақты шаралардың бағыты мен міндеттерін айқындап берді.
Айталық, шаралар барысында тұрмысы төмен 1000-нан аса отбасыға арналған қайырымдылық акциялары, "Абай дана, Абай дара қазақта" тақырыбымен облыстық әдеби жыр марафоны, "Жүрек жылуы" қайырымдылық акциясы аясында көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары, яғни 2000-ға жуық отбасыға көмек береміз деп жоспарлап отырмыз.
- Жастарды ортақ іске жұмылдыруда қандай жобалар қолға алынды?
- Жастар бірлескен шараның көпшілікті қызықты ететіні рас. Белсенді, ортақ іске біріге алатын жастармен өткізілетін думанды шаралар әртүрлі бағытта аталып өтіледі. Ең алдымен, аймақ үшін жаңалық болып келген "IMAQORDA" технопарк жобасының ресми ашылуы болмақ. Бұл ізденіске ден қойған жастарға айрықша мүмкіндік сыйлайды. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтар арасында "Үздік маман-2018" облыстық байқауы ұйымдастырылмақ. Бұл байқау еңбекке епті, іске бейім жастардың өнерін таразылауға айқын жол сала алады.
Тағы да маңызды 8 ірі шара да қала қонақтары мен тұрғындарына мерекелік шуақ сыйлайды. Мәселен, жеке кәсіпкерлердің есебінен жаңа өнеркәсіптік және әлеуметтік-мәдени объектілер саналатын "Ажар", "Эврика" сауда үйлерінің және "КазАгроМир" ЖШС жылыжай кешенінің ашылу рәсімі қала халқын күтеді.
Спорттық шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Түрлі жастағы санаттар үшін сауықтыру іс-шараларын қамту мақсатында "Алыптар шықты айқасқа" атты түйе палуандар сайысы, "Сыр тұлпары" бәйге түрлерінен ат жарысы өтеді. Ал, әлеуметтік іс-шаралардың ішінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де екпін берілді. Қаланың бірнеше аумағында тұрғындарға арналған төмендетілген бағамен ауыл шаруашылық өнімдерінің облыстық жәрмеңкесі жоспарда тұр. Бұдан бөлек, ұйымдастыру комитетінің қатысуымен Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған тақырыптық дөңгелек үстелдер, фестивальдар, көрмелер мен семинарлар да тақырыптық бағытқа сай мерекенің салмағын сезіндіреді.
- Сөз барысында думанды шаралардың екі бағытта өтілетінін атап өттіңіз. Шаралар тізбегінің екінші бөлімінде нендей өзгешеліктерді көре аламыз?
- Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өту үшін қала билігі түрлі бастамаларды қолға алды. Әрбір тұрғын, сырттан келген қадірлі қонақтар мерекеден ерекше әсер алып қайтуы керек. Осы себепті де шаралар тізбегін екі кезеңге бөлген едік. Екінші кезеңнің алғашқы шаралары 23 қыркүйек күні Тасбөгет кентінің 70 жылдығын атап өтуден басталады.
Сіз сұрап отырған думанды шаралар 28 қыркүйектен бастау алады. Ең басты шара орталық деңгейдегі басшылардың қатысуымен өтетін "Сыр Ана" монументінде "Этноауыл" фестивалімен ашылып, "Сыр сүлейлері" аллеясында өтетін "Қымыз-шұбат", "Қауын-қарбыз" фестиваліне ұласады. Бұл мерекені тойлауға келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды деп ойлаймыз. Сондықтан, қызықты кешті думанды өткізуге қала халқын шақырамыз.
Қала билігі мереке күнінде тұрғындарды әрдайым қуанышқа бөлеуге дайын. Дәл осы күндері мерекелік шаттыққа кенелген қала тұрғындарына өзге де тартулар жасала бермек.
- Шахмардан мырза, әдетте қаланың мерейтойында жергілікті жұрт түрлі тосын-сый, ірі деңгейдегі гала-концерттерді күтеді. Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін шаралар тізбегін оқырманға тізбектей кетсеңіз.
- Дұрыс айтасыз, қаланың 200 жылдық мерейтойы қайта айналып келмейді. Тұрғындардың тосын-сый, сый-тарту күтуі заңдылық. Ең әуелі басты жаңалықтың бірін айта кетейін. Нартай Бекежанов атындағы драма театрында орталық деңгейдегі басшылардың, облыс активінің қатысуымен Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған салтанатты шара өтпек. Мұнда қоғам қайраткерлеріне, аймағымыздың қоғамдық-саяси, экономикалық дамуына үлесін қосқан бірқатар азаматтарға арнайы әзірленген мерейтойлық медальдарды табыстау рәсімі ұйымдастырылмақ. Қаланың қалыптасу жолындағы еселі еңбектің құрметі ретінде берілетін мерекелік төсбелгілердің орны ерекше болмақ. Осымен бірге бүгінгі күні имидждік өнімдер, сувенирлер әзірлену үстінде.
Ал, өнер қонған өлкеде тұратын қызылордалықтар үшін орталық алаңда эстрада жұлдыздарының қатысуымен Қызылорда қаласының 200 жылдығына "Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда" атты гала концерт ұйымдастырылмақ. Қала тұрғындарына мерекелік шоу-концерт ұсынатын сахна жұлдыздары көпшіліктің көңілін көтеріп, әнсүйер қауымның ықыласына бөленетініне сенімдіміз.
Ән-думанмен қатар мерейтойлық жылды атап өтуде облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы Хатшылығының ұйымдастырумен өтетін республикалық "Сабантуй сомбэле" татар мерекесінің өткізілуі ерекше маңызға ие екенін айтуға тиіспіз.
Сұхбаттың сәтін пайдалана отырып, бұқаралық ақпарат құралдарының да мерейтойға ықпалы зор екенін атап өткім келеді. Қызылорда қаласының 200 жылдығын мерекелеудің идеялық мәні мен маңыздылығын түсіндіруге бағытталған бейнероликтер жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерден көрсетілетін болады. Арнайы 200 жылдық мерейтойға тарту ретінде "Qorda.kz" ақпараттық сайты жұмысын бастайды. Бұл бағытта барша журналистердің ортақ іске бірігуін қалаймыз. Жалпы қала күнін тойлаудың басты шараларының бірі осы. Барша қызылордалықтарды қала күнін мерекелеуге шақырамыз.
- Мерейтойдан қаланың даму деңгейіне ойыссақ. Қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары ретінде білім, мәдениет, спорт, ішкі саясат салаларын бақылауда ұстайсыз. Қызылорданың соңғы жылдардағы даму қарқынын қалай бағалауға болады?
- Тәуелсіздік алған жылдардан бастап қаламыздың көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халқының саны өсті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, демалыс орындары, саябақтар, жаңа мөлтек аудандар мен көшелер пайда болып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артты. Жыл артына жыл қосып қаланың рухани дамуы, түрлі салалардың жанданып келе жатқаны тұрғындардың мерейін өсіруде.
Енді салалардың даму перспективасына тоқталып өтейін. Алдымен, мәдениет саласындағы өрелі істерге келер болсақ, бүгінгі таңда қалада 11 ұлттық-мәдени орталық, 25 діни бірлестік, 6 саяси партияның филиалдары жұмыс жасайды. Қала ішіндегі түрлі мерейтойлар мен айтулы мерекелер жоғары деңгейде ұйымдастыруда. Осы уақытқа дейін 472 мәдени-көпшілік шаралар өтті. Бүгінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 85 үйірме жұмыс жасаса, үйірмеге қатысушы өнерпаздар саны 1067 адамға жетті. Өнерлі өрендер мен талапты жастардың арқасында Сыр өнері мен мәдениеті жаңа белеске шықты.
Жастар саясаты ісінде де ілгерілеушілік бар. Бұл бағытта түрлі бастамалардың рет-ретімен орындалып, қарқынды жетістіктерге жеткені бізді қуантады. Әрине, ішкі саяси мәселелердің тұрақтануына үкіметтік емес ұйымдардың да рөлі зор. Бұрынғыдай емес, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік-маңызды жобаларын, жастар саясаты саласындағы өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында 22 млн. 521 мың теңге қаржы бөлініп, түрлі бағыттағы 14 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Қысқа қайырғанда, бүгінде қалада қоғамдық-саяси, діни ахуал тұрақты.
- Білуімізше, қала бюджетінің 45-50 пайызы білім саласына бағытталады. Бәсекеге қабілетті азамат қалыптастыруда білім саласындағы бастамалардың барысын қалай бағалауға болады?
- Өзіңіз тілге тиек еткендей, қазір білімдінің заманы. Бәсекелестіктің қызған уақыты. Бұл білім көгіне ұмтылған жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуын қажет етеді. Әрине, Сыр ұстаздарының тәлімі мен тәжірибесі, педагогикадағы әдіс-тәсілдері қала абыройын асқақтатып, балалардың жарқырап көрінуіне мүмкіндік береді. Қазіргі саладағы ең басты жаңалықтың бірі білім саласын цифрландыру.
Бұған дейін, мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларға балаларды орналастыру үшін Қызылорда қаласының білім бөлімімен Е-акимат базасы арқылы жолдамалар беріліп келді. Бұл қала халқының уақытын үнемдейді, әрі сапалы қызметтің ашықтығына жол ашады. Мұнан бөлек, цифрландыру аясында іске асқан "Е-ДДО"-тұғырнамасы базасында "Data Evolution" ақпараттық жүйесімен "Балаларды балабақшаға автоматты түрде бөлу жүйесі" жобасы қолға алынып, бұл жобаны жүзеге асыруға қалалық бюджет есебінен 67 млн. 864 мың теңге бөлініп отыр. Жобаның нақты мақсаты айқын. Ол балабақша жұмысын автоматтандыру процесіне көшіру, балаларды кезекке қою, жолдама беру, персоналды басқару, балабақшаларға балаларды тіркеу, аналитикалық-статистикалық есеп жасау. Жобаның 1-кезеңінде барлық жеке және мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарға оқу курстарының базасы енгізілді. Қазірде курстың 2-кезеңі жүріп жатыр, яғни "Е-ДДО" базасына барлық 245 мектепке дейінгі ұйымдарының мәліметтері енгізілуде. Әрбір мектепке дейінгі ұйым "Е-ДДО" базасына балабақша туралы мәліметті, тәрбиеленуші балалардың тізімін, ондағы кадрлық бос орындар жөнінде толық мәліметтер енгізеді. Қарап тұрсаңыз, мұның бәрі халықтың бұрынғыдай кезек күтіп, уақытын жоғалтпауына себеп болады.
Жалпы айтқанда, өткен оқу жылының қорытындысымен қалада оң өзгерістер орын алды. Қала мектептері Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу мен орташа балл жинаудан жоғары нәтиже көрсетіп, 90,9% баллмен облыс бойынша көш бастады. Нәтижесінде тест тапсырған 1 мың 670 оқушының 980-і мемлекеттік грант иегері атанды.
Бұл көрсеткіш 2017 жылы 612-і құраған болатын.
2017-2018 оқу жылының қорытындысымен 2 мың 141 мектеп бітіруші түлектің ішінен жоғарыда атап өткендей, 980 түлек мемлекеттік грант иегері атанса, 98 түлек "Алтын белгі", 103 түлек "Үздік аттестат" иегерлері атанды.
- ІТ сала демекші, қаладағы бір топ жастардың идеясынан шыққан "Ақылды қала" жобасының қазіргі аяқ алысы қалай?
- Елбасының "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауында адам өмірін жақсарту үшін барлық салаларды цифрландыруды іске асыру керектігі баса айтылды. Бұл міндетті орындауда Қызылорда қаласы әкімдігі қалада тұрмыс сапасын арттыру, жаңа инновацияны кеңінен тарату мақсатында "Ақылды қала" жобасын іске асыра бастады. Қала тұрғындары мен қонақтарының қала әкімдігімен тікелей байланыс жасау үшін мәселелерді дер кезінде шешуге арналған "Q Сity" атты мобильді қосымша жақын күндері іске қосылмақ. Бұл мобильді қосымша бюджеттен тыс көздерден қаржыландырылған, арнайы Android және IOS платформаларына жасалып, екі тілде барлық ұялы телефондарға жүктеуге қолайлы.
Цифрландырудың игілігі де жер қатынастары саласына ене бастады. Қалалық бюджеттен бөлінген 21 млн. теңгеге жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау, жұмсалатын жұмыс уақытын азайту мақсатында GPS геодезиялық құралы мен ArcGIS (АР ГИС) бағдарламасы алынды. Ал, GPS геодезиялық құралы жердің кез келген жерінде, кез келген ауа-райында, сондай-ақ жер маңындағы ғарыштық кеңістіктегі объектінің орналасу орнын мен жылдамдығын анықтауға мүмкіндік береді.
Аталған жоба жер қатынастар саласындағы заң бұзушылықтарды анықтауға жұмсалатын уақытты 15 күннен 2 күнге дейін қысқартады. Осы арқылы облыстық жол картасына енгізілмеген 2 жоба қалалық деңгейде жүзеге асырылатын болады.
Қалалықтар үшін ерекше жаңалықтың бірі болғалы тұрған WI-FI тегін интернет желісі қосылмақ. Бірінші кезеңде пилоттық режимде Ыбырай Жақаев көшесі бойына орнатылады, ұзындығы 1 км, ені 50 м болатын ауқымда секундына 100 мегабайт жылдамдықтағы, жаңа технологиямен жабдықталған (Ubiquiti UniFi AC Mesh) құрылғы орналастыру көзделуде. Бұл жобаға қалалық бюджеттен 3 млн. 500 мың теңге бөлініп, жобаны іске асыру жұмыстары басталып кетті.
- Шахмардан Асқарұлы, Сыр спорты да өзге аймақтан кенде емес. Намыс туын жоғары қойып, толайым табыстарға жеткен спортшыларға қолдау қай деңгейде? Спорт секторындағы бүгінгі ахуал қандай?
- Сыр спортында саңлақтар жетерлік. Әр түрлі спорт түрінен елдің туын жоғары көтеріп жүрген майталмандар әлі де қалыптаса бермек. Соңғы кезде халықаралық, республикалық додаларда бақ сынаған спортшылар қатары көбеюде. Сандармен сипаттасақ, қалада спорт саласын дамыту бағытында жыл басынан бері дене шынықтыру ұжымдарымен бірлесіп 61 спорттық шара өткізіліп, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға барлығы 25 мыңға жуық жас қатысты.
Бұқаралық спорттың дамуы жаңа спорт алаңдарын ашуды қажет етеді. Бұл орайда қала бойынша 67 спорттық ойын алаңы салынса, биылғы жылы осы жұмыстардың жалғасы ретінде қала бойынша 22 спорттық-жаттығу алаңы, 4 Стрит воркаут алаңы, 6 Еуропалық стандартқа сай шағын футбол алаңы демеушілер арқылы салынды.
Биыл "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры "Менің елім" әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын іске асыру аясында қаламыздағы Титов және Астана мөлтек аудандарынан әмбебап спорт және балалар ойын алаңын салуды жоспарлауда.
Ағымдағы жылдың шілде айында, Байқоңыр қаласында өткен "Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне" арналған VI облыстық халықтық спорт ойындарында қала спортшылары үздік нәтижеге қол жеткізді.
Спорттың 12 түрі бойынша мыңнан аса адам сынға түскен дүбірлі додада Қызылорда қаласының спортшылары жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды иеленді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің "Қазақстан - 2030" стратегиялық бағдарламасында бұқаралық спортпен қамтылған халық санын 30 пайызға жеткізуді тапсырса, Қызылорда қаласында бұл көрсеткіш бүгіннің өзінде 27,8 пайызға жетті.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Абай ТАҒЫБЕРГЕН