Рухани Жаңғыру
Бізге 200 жыл!
Сыр - Алаштың анасы
Туған күніңмен, Қызылорда!
Сыр елім - Жыр елім Қызылорда
Сыр сұлуы - Қызылордам

Қызылорда қос ғасырлық белесті аттады

        Тарихқа тереңірек барсақ, Қызылорданың бұрындары Қамысқала атанғаны, кейіннен Ақмешіт, уақыт өте келе Перовск атауына қол жеткізгені ақиқат. Алайда, дәуір өзгерісі қайтадан Ақмешіт атауын қайта алуға түрткі болды. Тек 1925 жылы ғана Қызылорда атауын иеленген шаһар бүгінде қос ғасырлық белеске аяқ басты. Заман уақытына сай, әр дәуірдің өз азаматтары мен тұлғалары қаланың қалыптасуына, дамуына із салды. Міне, бүгінде сол тарихтан керуен тартқан Қызылордаға 200 жыл толды.

    Әрине, арыға кетіп, тарихты қаза берсең, Қызылордаға қатысты небір тарихи оқиғалар мен деректерді кездестіруге болады. Айтпағымыз басқа, екі ғасырлық тарихты аттаған Қызылорданың бүгінгі даму келбетін, мерейтойлық сән-салтанаттағы айрықша әсерлерді салмақтау. 200 жылдық мерейтой қайтып келмейді. Осы себепті де қала билігі ел көңілінен шығуға әрі әртүрлі форматтағы шараларды ұйымдастыруда барын салды. Ендеше қала күнінде нендей іс-шаралар өтті? Шолып шығайық.


"СЫР СҮЛЕЙЛЕРІНІҢ" СЫЙЫ

    Қала күні мерекесі шаһар­дың әр қиырында тойланды. Ал, мерейтойдың мәні мен сәні "Сыр сүлейлері" аллеясы­ның алдында басталды. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер мерекенің басты атри­бут­тарымен ай­шықталып, та­рихты бейнелейтін көрініс­тер­мен көз тартты. Қобыз үнін ән­ге қосқан өнерпаздар, дала дү­бірін думанға бөлеген домбы­рашылар мерекені көңілді етті. Сыр елінің өнері мен өнімде­рінің көрмесіне ҚР Мемлекет­тік хатшысы Гүлшара Әбдіқа­лықова арнайы келіп, шаһар тұрғын­дарын айтулы мере­кемен құт­тықтады. Сонымен бірге Сыр сүлейлеріндегі ду­манды шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықпен мерекені бірге той­лады.

        Қасиетті жұма күнге тура келгендіктен бе, ауа-райы да жанға жайлылық сыйлады. Мұнан соң халық аллеядағы фестивальдерге қатысты. Жал­пы сандарды сөйлетсек, қалаға қарасты шаруашылық құ­ры­лымдары 600 литр қымыз, 600 литр шұбат, 50 кг қауынқақ, 50 кг қауын құрт әкелсе, қала кә­сіпкерлері мерекелік тартуы ре­тінде түрлі тәттілерді ұсын­ды.

    Келген қонақтар бауыр­сақ­тан дәм татып, қымыз ішіп, тәт­тілерден ауыз тиіп, мереке­ні көңілді бастады. Ал, думан­ды шараның көркін қыздыруға келген жергілікті әншілер Қы­зылорданың 200 жылдығына арналған "Ақмешіт аспаны", "Домбыра болып сөйлейін", "Ақмешіт", "Сырдария" атты әндерді шырқады.

    Бұл күнде жастар да қалыс қалмады. Қазақтың ұлттық ойындары асық ату, қол күресі, гір көте­ру, арқан тарту сын­ды ойындарды ой­нап, бір серпіліп ал­ды. Оқушылар то­ғыз­құмалақ ойнап, ел назарын өзіне ау­дарды.


ҚЫЗЫЛ ҚАРБЫЗ, ТӘТТІ ТОРЛАМА

    Мереке халық үшін жасалады. Қала күнінде қы­зылор­да­лықтар қауын-қар­быз фестиваліне ор­тақтасты. Қоңыр күз­­де жемісін бере­тін тәтті өнімдерден жасалған фуршеттер тұрғындарға ерекше сезім сыйлады. Пирамида пішіндес жеміс-жидектер мен қауын-қар­быз, түрлі пішіндегі алма­лар мен гүлдестелер кел­ген адамның көзін арбап, алыстан мен­мұндалап тұрды. Қауын-қарбызды экзотикалық жеміс­термен көмкеріп, қала бейне­сін айшықтауға мұға­лімдердің үлесі зор болды. Қалалық білім бөлімі жанындағы технология пәні бірлестігінің мұғалімдері қарбыз бен қауынды ерекше пішінде кесіп, түрлі формада ха­лыққа ұсынды. Ал, жеміс-жидектерді бір-біріне айқас­ты­рып, Қызылорда атауын беру идеясы да осы мұғалімдердің еңбегінен көрініс тапты.

   - Мақсатымыз - Қызылор­да­ның молшылығын, берекесін көр­сету. Аграрлық саладағы өнімдерді ел назарына ұсыну. Мұғалімдер күріштен портрет жасап, қолдан қарбыз-қауын­дар­дан сан түрлі гүлдер бей­неледі. Фуршетті жайнатып, ел­дің көңілін көтеруге барын­ша тырыстық. Бұл ортақ іске 60-қа жуық мұғалім бірікті. Жалпы өнімдер халыққа тегін ұсынылды,-дейді технол­огия пәні бірлестігінің жетекшісі Сәуле Қайым.


ТӘТТІЛЕР ТАРТУЫ

    200 жылдыққа 200 қорап ба­уырсақ. Қала күнінде тұр­ғындар тәтті өнімдердің көр­ме­сіне де қатысып қайтты. Атаулы датаға арналған 200 қорап бауырсақтың дәмін татқан тұрғындар тәтті бәліш­тер мен тоқаштарды тегін алды. "Браунис" кондитерлік асха­насы, "Сәлем" сауда маркетінің өнімдері, "Шах сарай", "Мақ­сұт", "Кореана" мейрамха­на­лары түрлі ас мәзірлерін ұсын­ды. Соның ішіндегісі - Қамыс­қала атауын иеленген тәтті торт.

    - Қамысқала тарихи орнына арнап торт жасадық. Өздеріңіз біле­сіздер, бұрындары Қызыл­орда Қамысқала деп аталған. Сол себепті тарихи қаланы жас­тарға таныстыру үшін осын­дай идея кел­ді. Мұнан бөлек, күріш­тің бейнесіндегі түрлі тәттілер, әртүрлі пішін­дегі тәтті кәделерді алып кел­дік. Ірімшік, құрт, қауынғақ та ала келдік. Біздің ата-баба­лардан қалған тағамдардың дә­­мін тұрғындарға ұсыну­ды мақсат тұттық,- дейді "Шах-сарай" мейрам­хана басшысы Жұмабай Қаражанов.

     Нан өнімдерінің се­беті, түрік техноло­гия­сы­мен жасал­ған пахлава, ирандық тоқаш, Қорқыт ата бейнесіндегі тәтті торт мерекенің ныша­нын бай­қатты.


ТӨСБЕЛГІ ТАҚТЫ

      Елдің мәдени өмірі мен саяси дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар мерекелік медальмен марапатталды. Әр жылдары түрлі салаларда тер төккен азаматтар марапат мінберінен көрінді. Нартай Бекежанов атындағы драма театрында өткен салта­натты шарада облыс басшысы ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованы, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты, мем­ле­кет және қоғам қайраткері Виталий Брынкинді, ҰҒА академигі Асқар Жұмаділ­даевты, ақын, Мем­ле­кеттік премия лауреаты Иранбек Оразбаевты және ҚР Елтаң­ба­сының авторы, "Құрмет" орде­нінің кавалері Жандарбек Мәлі­бековті Қызылорда қала­сының 200 жылдығы мерей­той­лық медалімен мара­пат­тап, төсбелгі тақты.


20 МЫҢ ХАЛЫҚ. ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗДАР

    Қызылорданың 200 жыл­дық мерейтойына арналған кешкілік гала-концерт 20 мыңға жуық халықты жинады. Сұлу Сырды әнге қосқан белгілі әнші, ма­хаббат әнде­рінің ханшайымы Мәдина Садуақасова жүргізген гала-концертте Жеңіс Сейдолла, Бақтияр Тайлақбаев, Дүй­сенхан Сыздықов, Жеңіс Ысқақова, Гүлнұр Оразым­бетова Қы­зылорда аспанын әнге бөледі. Ретро әншілердің өнерін са­ғынған Сыр жұрты әрбір әнді ықыласпен қабыл­дап, ерекше тебіренді. Ал, жастар көңілінен орын алған Серік Ибрагимов жанды дауыста халықпен бірге ән шырқап, ел-жұрттың көңілін көтерді. Би алаңына шақырған тек Серік Ибрагимов қана емес, Ерке Есмахан да ре­пертуа­рындағы әндерді халықпен бірге орындады.

    Ал, эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас мерейтой құрметіне жаңа әннің тұсауын кесті. Махаббатқа толы сырлы әндері арқылы елдің көңілін жаулаған Қайрат Нұртас мерейтойлық лебізін жеткізіп, тұрғындарға әннен шашу шашты. Ұлы дала баласы атан­ған Төреғали Төреәлі де "Туған жер" атты әнін шырқап, жас­тарды бірге елітіп әкетті. Ал, Мәдина Сәдуақасованың бір­ге орындаған "Махаббат жасқа қарай ма?" атты әні де халықты лирикалық сезімге бөледі.

АУЫЛ ДӘМІНЕ АСЫҚТЫ

    Мерейтойда жәрмеңке де ұйымдастырылды. Арал ауда­нының өнімдері Тасбөгет кентін­дегі орталық алаңда, Жаңа­қорған ауданының азық-түліктері Аста­на даңғылы бо­йында саудаланды. Ал, Жала­ғаш ауданының жер­гілікті өнімі Титов мөлтек ау­данына қойылса, Сырдария ау­даны­ның азық-түліктері Жанқожа батыр көшесінде орын тепті. Қармақ­шы ауданындағы өнім­дер "Мерей" мөлтек ауданы­ның тұрғындарына ұсынылды.

     Дастарханның дәмін кір­гізетін құрт, ірімшік, ет пен сүт, айран мен қымыз, талқан, сөк секілді ұлттық тағам­да­рының саудасы қызды. Ауыл дәміне асыққан ағайын базар бағасынан төмен бағада қойылған өнім­дерді бір мезетте алып кетті. Жеміс-жидектер де төмен бағада халық­қа жетті. Айталық, ал­ма 250 теңге, алмұрт 300 теңге, жүзім 250 тең­геге саудаланды. Сонымен бірге қарбыз-қауын, асқабақ, қыза­нақ, қияр, картоп, сә­біз, жуа жәрмеңке дас­тарханынан табыл­ды.

    Бас тағам етке мән беретін тұрғындар ауыл­дан келген сиыр етін 1250 теңгеге, жыл­қы етін 1400 теңгеге, қой етін 1200 теңгеге алып қайтты.


"ORDA WI-FI"

   Цифрландыру ісін қарқынды түрде енгізуде Қы­зылорда "Ақылда қала" жоба­сымен өзге ай­мақтардан ерек­шеленді. Басты мақсат - тұр­ғын­дардың өмірін жақсарту. Игі бастаманы қолға алған ІТ саласының маман­дары, яғни жастар "Ақылды қала" жоба­сының игілігін көретін күн алыс емес дейді. Енді міне, қала күніне орай "Orda WI-FI" жо­басын іске қосты. Ақпа­рат­тық ресурстарға және мемле­кеттік қыз­мет­терге қолжетім­ділікті қамтамасыз ету үшін тегін Wi-fi интернет желісі пайдалануға мүмкіндік береді. Әзірге "Orda Wi-fi" тегін ин­тер­нет желісін қала орталы­ғын­дағы "Арбат" бо­йында орна­тыл­ған. Алдағы уақытта ша­һар­дың өзге де кө­шелері мен нысандарына тегін ин­тернет қызметі іске асады. Ке­ше ғана қолға алынған бұл бас­таманы жастар жақсы қабыл­дады.

   Түйін. Қызылорда қала­сының 200 жылдық мерей­тойы 10 қазанға дейін жал­ғасады. Мерейтой аясында жәрмеңке, сурет көрмесі, ат бәйгесі, түйе палуандар са­йысы, жыр марафоны, қайы­рымдылық акциялары өтті. 200 жылдық тарихқа қадам басқан Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы осындай айтулы шаралармен тарих қонауына енді. Мақсат - той тойлап, аяқ суыту емес. Қы­зыл­орданың жылдар жылна­ма­сындағы салмағын саралау, тарихи сананы жаңғырту. Ал, бұл болашағын осы қаламен байланыстырған тұрғындарға ой салуы керек.


Абай ТАҒЫБЕРГЕН


03 қазан 2018 ж. 1 710 0

Күнтізбе

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сауалнама

Сайттың жұмысын қалай бағалайсыз?