«АЛАШТЫҢ АҚ ОРДАСЫ – АҚМЕШІТІМ»
Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №6 кітапхананың ұйымдастыруыменен «Алаштың ақ ордасы – Ақмешітім» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.
Шара барысында кітапхана оқырмандары өздерінің Сыр өлкесіне деген сүйіспеншілік сезімдерін өлең жолдарымен жеткізді, жерлес ақындарымыз Ә.Тәжібаев, М.Әміреев, Р.Наурызбаева, С.Желдербаева, Н.Жанаевтың өлең жырларын М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледждің өнер бөлімінің студенттері Арай Тұрсынбекова, Асқар Әбітай, Әсел Жазықбаева оқыды. Ақын М.Әміреұлының «Қызылорда», Л.Әбдіхалықованың «Сыр елім», Р.Таймановтың «Қызылордам-туған жерім» атты әндерін Қорқыт ата атындағы университет студенттері Ж.Ахметова, Ұ. Бейсенова, Ғ.Шәріпхан әуелете шырқады.
Қала мерекесіне арнайы ұйымдастырылған «Келбеті көркем, келешегі кемел-Қызылорда» кітап көрмесіне кітапхана қорындағы Сыр елінің археологиясы, туған елдің тұлғалары жайлы, Қызылорда қаласының ежелгі сан ғасырлық тарихын шежіредей шертетін «Сыр өңірінің тарихы», «Дария жағасындағы қала», «Алаштың Ақмешіті», «Қызылорда», «Қызылорда Астана болғанда», «Сыр ескерткіштері» атты кітаптарымен қатар, ежелгі Сыр бойында өмір сүрген данышпан Қорқыт баба, Жалаңтөс Баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа, Бұқарбай, Тоғанас батыр, ғұлама Тұрмағамбет, ақын Әбділда мен Нартайдың, халық жазушылары Әбділда мен Қалтайдың кітаптары қойылды.