Мешіт ауласы - мейрім құшағы
Сауапты істің қайырымын кез келген адам көргісі келеді. Ал, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жәрдем беру мұсылманның міндетті. Бұл ретте мешіт имамдары сауап жинауға асығатын ағайынға түрлі қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыруға септігін тигізеді. Соның бір дәлелі ретінде кеше Қызылорда қалалық "Сұлтан" мешітінде "МҰҢЫН ОЙЛА МҰҚТАЖДЫҢ!" атты қайырымдылық шарасы өтті. Оған шаһардағы шынайы мұқтаж деп табылған 20 отбасы шақырылып, мешіт ауласында азық-түліктей көмек көрсетілді.
Бас имам "Ислам дініндегі жақсылық жасаудың сауабы жəне қазіргі мұхаррам айындағы игі амал" жөнінде уағыз-насихат жасады. Мұнан соң тізім аясында азық-түліктер мұқтаж кісілерге табысталды. Мешіттен көмек алғанжандар қамқор жандарға шексіз ризашылығын білдіріп, дұға-тілектерін жеткізді.
"Мұңын ойла мұқтаждың!" қайырымдылық пакетіне ұн, күріш, рожки, қант, май, шай, ас тұзы, ыстық нан жəне тағы басқа қажетті заттар салынды. Көптің қайрымымен жалғасатын іске қолдау білдіріп, сауап жинауға асыққан азаматтар баршылық.
Баса айта кетерлігі, сауапты іске қайырымды жандар, мешіт жамағаттары мен өңірімізде игі іске ұйытқы болып жүрген "Шын жүректен" еріктілер тобы ат салысты.
А.ТАҒЫБЕРГЕН.