ГАЛА-КОНЦЕРТКЕ 20 МЫҢҒА ЖУЫҚ ХАЛЫҚ ЖИЫЛДЫ
Қызылорданың 200 жылдық мерейтойына асыққан халықта шек болмады. Самал жел аясындағы Қызылорда аспаны жұлдыздай жарқырады. Ел қошеметіне бөленген эстрада жұлдыздары әннен шашу шашып, қызылордалықтардың көңілін көтеруге тырысты.
Халық пен әншіні байланыстырып, Сұлу Сырды әнге қосқан белгілі әнші, махаббат әндерінің ханшайымы Мәдина Садуақасова кештің тізгінін ұстады. 200 жылдық мерейтой құрметіне Сыр елінен шыққан белгілі әншілер Жеңіс Сейдолла, Бақтияр Тайлақбаев, Дүйсенхан Сыздықов, Жеңіс Ысқақова, Гүлнұр Оразымбетова Қызылорда аспанын әнге бөледі. Ретро әншілердің өнерін сағынған Сыр жұрты әрбір әнді ықыласпен қабылдап, ерекше тебіренді. Ал, жастар көңілінен орын алған Серік Ибрагимов жанды дауыста халықпен бірге ән шырқап, ел-жұрттың көңілін көтерді. Би алаңына шақырған тек Серік Ибрагимов қана емес, Ерке Есмахан да репертуарындағы әндерді халықпен бірге орындады.
Ал, эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас мерейтой құрметіне жаңа әннің тұсауын кесті. Махаббатқа толы сырлы әндері арқылы елдің көңілін жаулаған Қайрат Нұртас мерейтойлық лебізін жеткізіп, тұрғындарға әннен шашу шашты. Ұлы дала баласы атанған Төреғали Төреәлі де «Туған жер» атты әнін шырқап, жастарды бірге елітіп әкетті. Ал, Мадина Сәдуақасованың бірге орындаған «Махаббат жасқа қарай ма?» атты әні де халықты лирикалық сезімге бөледі.
Жалпы қазақ эстрадасы әншілерімен қатар жергілікті өнерпаздар да мерекені думанға бөледі.
Жалпы мерекені тамашалауға 20 мыңға жуық халық жиылды. Түнгі аспандағы жарық кеш жастардың көңілінен шықты. Жұлдыздардың қатысумен болған жұлдызды кеш қала күнінің мерекесін бейнелейтін отшашумен аяқталды.