Серуен
Қорқыт Ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш-кешені
Ескерткіш Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің жағасында, ойшыл, пәлсапашы, ақын және сазгер Қорқыт бабаға арналып тұрғызылған. Ескерткіш өзінің көлемдік – кеңістіктік жобалауы жағынан монументальдық пішінімен ерекшеленеді. Авторы – Жаркен Исмағұлов. Биіктігі – 12 м. Биік етіп көтерілген тұғырға орнатылған үш қырлы бөлік ішкі ойығы арқылы қобыз бейнесін көрсетеді. Ортасында желмаяға мінген Қорқыт Ата қобызымен бейнеленген.
«Сыр-Ана» манументі
Сырдың тарихи ерекшеліктерін ашатындай, Сыр ананың мазмұнын қамтитындай бұл ескерткіштің биіктігі 39 метрді құрайды. «Сыр-Ана» стелласы сеукеле тәріздес болып келіп, Сыр ананың бейнесі беріледі. Ескерткіштің сәулеттік пішіні биіктеген сайын өз діңгегіне айнала оралып, қазақ әйелінің сұлулығын паш ететін әйел мүсінін сомдайды. Сыр өңірінің ерекшеліктерін айқындайтын бұл кешеннің басына сәукеле киген, мың бұралған қыпша бел нәзік жанның тұлғасы бейнеленген.
Cыр Сүлейлері аллеясы
Қазақылық қаймағы бұзылмаған Сыр өңірде «Сыр сүлейлері» аллеясы ашылды. Аллеяның қақ ортасында ескерткіш бой көтерген. Онда қобыз бен домбыра бейнесіне қосақталған қалам мен найза орнатылған. Ал жыраулар сол баһадүр жандардың жігерін жанып, қайратына қайрат қосып, елдің тыныштығы мен бірлігін сақтауға күш салды. Ескерткіштің қос қанатында Сыр елі мен оның бойындағы тарихи астаналар жайлы жазылған. Күй атасы – Қорқыт пен қазақ ауыз әдебиетінің жанрлары туралы, «жыршы», «сүлей» ұғымдарына түсінік берілген. Ескерткіштің авторлары – Аманкелді Кененбаев, Мұрат Сыдықов және Сейіт Мәкібаев. Аллеяны аралап шықсаңыз, Сыр өнері мен мәдениеті жайында толық мағлұмат алуға болады.
Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші
Қаламызда 2010 жылықазақ халқының мақтанышы, Тұран топырағының даңқты презенті Жалаңтөс Баһадүр есімін ұрпақ жадында мәңгі есте қалдыру, өнегесін ұрпақтарға ұлағат ету мақсатында Жібек Жолы көшесінде батырға ескерткіш орнатылды. Биіктігі 11 метрді құрайды. Ескерткіштің авторы елімізге кеңінен танымал мүсінші – Нұрлан Далбай.
Бұхарбай Естекбайұлының ескерткіші
Қаламызда 2012 жылы Шұғыла мөлтек ауданынан қазақ халқының даңқты қолбасшысы Бұхарбай Естекбайұлының 200 жылдық мерейтойына орай ескерткіш орнатылды. Авторы: Ж. Исмагулов.
Жанқожа Нұрмұхамедұлы ескерткіші
Жанқожа батырдың 240 жылдық мерейтойы қарсаңында қала орталығынан батырдың ескерткіші бой көтерді. Ескерткіш қоладан құйылған, салмағы-5,3 тонна. Ескерткіштің биіктігі-5,4 метр, тұғырының биіктігі-6,0 метр. Ескерткіштің авторлары А.Кенебаев, Қ.Дулатов, Т.Серікбаев.
«Сыр бойының батырлары» ескерткіші.
Қызылорда қаласы, Қонаев көшесі, н/з.Төрт батырды бейнелейтін ескерткіштің биіктігі 5,5 м, салмағы 5 тн. Ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры гранитпен қапталған. Авторлары: А.Кененбаев, Ж.Исмағұлов.
Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізіміне ұсынылған.
"Аналар аллеясы"
Аллея Бегім анна көшесінде орналасқан. Бегім ана көшесіндегі "Ана бақыты" ескерткіші жанынан бастау алады. Аллея құрылысына «Абзал и К» компаниясы 44 млн. теңге бөлді. «Ана бақыты» ескерткішінің авторы мүсінші Ағабек Назаров, биіктігі 5,5 метр.
Мұстафа Шоқай
2017 жылдың 28 наурызында Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
Ескерткіш Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Көшер Байғазиевтің қоладан жасалған туындысы. Гранитті тұғырын қоса есептегенде ескерткіштің жалпы биіктігі – 12 метр.
Қалалық мәдени-демалыс паркі
Қызылорда шаһары соңғы кездері көптің көз тартар мекеніне айналды. Ал, кешкілік серуен құратын жастарға жанына жайлылық сыйлайтын мәдени демалыс орындары да қайта түрленіп, халыққа қызмет етуде.
Қалалық демалыс паркі жаз бойы қала тұрғындары мен сырттан келген қонақтардың көңілін көтеріп, еркін тынығуына мүмкіндік береді. Соңғы жылдары демалыс бұрыштары мен түрлі аттракциондардың көптігі қызық қуып келген балақайлар мен серуен құруға жиылған жастарды бір алаңға жинайды. Мұнан басқа салқын сусын, балдай балмұздақ, түрлі тәттілер мен кешкі кафе қызметі демалысты көңілді өткізуге айрықша жағдай жасайды.
Қалалық демалыс паркінде "Шылымсыз аймақ", "Ішімдіксіз аймақ" идеясы жүзеге асуда. Бұл демалуды мақсат еткен тұрғындарға тиімді жоба. Біріншіден, салауатты өмір салтын ұстануға шақырса, екіншіден, өзге жандардың мазасын алмауды мақсат етеді. Сонымен қатар, "Ана мен бала" бөлмелері, "Полиция бекеті", "Медпункт", "Этноауыл" және "Анықтама бюросы" да аумақ ішінде орналасты".
2008 жылдан бастап мемлекет меншігіне қайтарылып, қаланың коммуналдық теңгеріміне өткен демалыс паркі жыл артына жыл қосып, заманауи ойын құрылғылары мен демалыс бұрыштар, сауда қатарларын көптеп салып, ел игілігіне бағыттауда. Соның айқын дәлелі биыл паркте бірнеше ойын аттракциондары іске қосылды. Айталық, "Циклон", "Миди", "Сюрприз", "Ракушка", "Байка", "Сколодром" сынды ойын әткеншектері демалысты көңілді өткізуді қызмет қылады.
Демалыс паркі ашылған сәттен бастап халық көп жиылды. Қызық көруге асығып келген отбасылар 7 жылдан бері істен шығып, мерекеде қайта жанданған "Колесо обозрение" аттракционына мініп, қаланы биіктен тамашалауға мүмкіндік алды.
Тұңғыш Президент саябағы
Қызылорданың көрікті келбетін алыстан айшықтап, өзіне менмұндалап тартып тұратын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы саябағы да күн батысымен жайдары жұрттың жайлы демалыс орнына айналғаны қашан. Самал желдің аясында қос ғашық, бір-бірін қуалаған балғын балалар мен жас отбасылар саябаққа кеш қарайғанға дейін таза ауаны тыныстауға асығады. Расында, Елбасы атындағы саябақтың кешкі көрінісі тіптен бөлек. Аспалы шамдардан сәуле шашатын түрлі-түрлі түстері келген жанның көзін жаулайды. Таза ауасы, жасыл бағы, хош иісті гүлдері қызылордалық тұрғындардың көңілін көтеруге қызмет жасап тұрғандай әсер береді.Рәміздер алаңы – елдіктің символы
Қаланың бас архитектуралық кескін-келбетін, сәулеті мен дәулетін келістіріп тұрған мәдени нысанның бірі – рәміздер алаңы. Тұңғыш Президент саябағының төрінде орын тепкен рәміздер алаңы алыстан меңмұндалайды. Мәрмәр таспен, паннода алтын түспен боялған Елтаңба мен Әнұран елдіктің нышаны екенін байқатып тұрады. Ал, қуатты күштің символындай әсер беретін көк байрақтан еркіндіктің лебі еседі.
Бүгінде Рәміздер алаңының маңы абаттанып, көгалдандырылып тұрады. Арнайы мамандар алаңды күтіп ұстау, оны баптау ісінде таңнан бері тізе бүкпейді. Аумағы 3 гектарды құрайтын, жалпы құны 326 млн.теңгеден астам жоба тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына тарту ретінде жасалған.
Қазіргі таңда Қызылордаға қонақ болып келетін, әуежайдан түскен мәртебелі меймандар архитектуралық сәулеті заманауи үлгіде қалыптасқан Рәміздер алаңына арнайы тоқтап, естелік фотоға түседі. Сол себептен де нысан демалыс орнына айналып, жан-жағы гүл баққа оранды.
Рәміздер алаңы тек Қызылорда төрінде ғана емес, Сыр елінің өзге де аудандарында бой көтеріп жатыр. Жалпы бас-аяғы ендігі кезекте барлық аудан орталықтары мен 46 тірек елді мекендерінде аллеялар ашылмақ.
Рәміздер алаңы қаланың кез келген бөлігінен анық көрінеді. Бұл шаһардағы сәулеті жағынан ең маңызды нысан ретінде қала тарихының қойнауына кіреді. Бүгінде әртүрлі мерейтойлық шаралар осы Рәміздер алаңынан бастау алады.
Субұрқақ қала ажары
Қаладағы ерекше нысандардың бірі Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан. Қала орталығындағы "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің аумағында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта абаттандырудың нәтижесінде мұндағы алаңда биыл мамырдың бірінен заманауи талапқа сай жұмыс жасайтын субұрқақ іске қосылған-ды.
Субұрқақтың сыртқы беті гранит тастармен қапталған. Жалпы ұзындығы 50 метрді құрайтын субұрқақтың өзіндік ерекшелігі де жетерлік. Қаламыздағы бұған дейінгі болған субұрқақтарға ұқсамайды. Биіктігі 9 метрге жететін қашықтыққа су шашып, қас-қағым сәтте 70-ке жуық түске ауысатын жарықшамдармен көмкерілген және оның бойын ерекше сәулелендіріп тұрады. Талайлардың таңдасын тудырып, қиял ғажайып әлемге жетелеген бұл нысанның құрылысы облыстық бюджеттен қаржыландырылған. Ал, жауапкершілігі жоғары деңгейдегі осындай жаңа жобаны мердігер "Техоснастка-РемСервис" ЖШС жүзеге асырды.
Қала халқының игілігі үшін жасалған жаңа тынығу орны бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әуелде мұнда тек осы аймаққа жақын тұратын тұрғындарды ғана кезіктіруге болатын. Ал, қазіргі күні қаланың шет аймақтарынан да келушілердің саны артып, "тұрақжайларға көліктер сыймай кететін күнге жеттік" деп қуаныштарын жасырмады. Тіпті, демалушылар оны "Биші субұрқақ" деп атап кеткен екен.
Демалыс орнында бүгінде тек субұрқақ қана жұмыс жасамайды. Сонымен қатар, мұнда балалардың көңілін көтеріп, көңілді демалыстары үшін қызмет ететін түрлі аттракциондар да бар.
Батыр Шүкенов саябағы
Өнерімен өзге ұлттың назарын аудартқан әнші Батырхан Шөкенов ел есінде мәңгі қалды. Батырханның есті әндері тыңдаушыны елітіп, ерекше бір сезімге бөлейтіні ақиқат. Ол қазақ өнерінің кемелденуіне айтарлықтай үлесін қосты, әндерін қазақ, орыс тілдерінде шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөлене білді. Осы орайда қалада музыканттың есімімен өнер саябағы ашылған.
Батырхан Шөкенов атындағы саябаққа оның ескерткіші орнатылып, аллеясында қонақтар мен жастар ағаш отырғызды. Айта кету керек, ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, "А студио" тобының жетекшісі Байғали Ермекұлы Серкебаев, анасы Диляра Шөкенова және эстрада әншілері, қала тұрғындары келді. Б.Шүкеновке арналған ескерткіштің жалпы биіктігі 3,6 метр, мүсіннің биіктігі 2,2 метр болса, тұғырдың биіктігі 1,6 метр.
Қызылорда облысы әкімдігінің тапсырысымен жасалған ескерткіштің авторы Мұрат Мансұров. Бүгінде саябақ жастардың музыка әлемінің құдіретін сезінуге мүмкіндік беретін шығармашылық еркіндікке жетелейтін алаңына айналды.